Тілдер қалай өледі? Әлемде 6000-нан астам тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен (2700 – негізгі тіл, 4000-ға жуығы – сол тілдердің диалектісі). Кейбір болжамдар бойынша XXI ғасырдың аяғына таман үркердей топ – негізгі тілдер ғана қалып, қалғандары жойылып кетпек. 1980 жылғы есеп бойынша, тірі тілдердің саны 6000-мен 7000-ның аралығында. 1992 жылы шыққан халықаралық лингвистикалық энциклопедияның мәліметіне сенсек, 6300 тірі тіл бар деп жазылған. «Әлем тілдерінің жартысы өледі» деген тұжырым дұрыс болса, ол – 3000 тілдің ажалы деген сөз. Тілді ажал аузында деп қай кезде айтуға болады? Сол тілде сөйлейтін жас ұрпақ одан безінген кезде. Бүгінде жер бетіндегі «тірі тілдердің» 4 пайызында әлем халықтарының 96 пайызы сөйлейді екен. Сөйлеушілері 10000-нан аспайтын тілдердің саны 6000 болса, оның жартысының 1000-нан аспайтын ғана сөйлеушісі бар. Мәселен, 500 тілдің әрқайсысының небәрі 100 адамнан, 1500 тілдің сөйлеушісі 1000 адамнан аз. Сөйлеушісі 10000-ға жетпейтін тілдер – 3340 екен. 20000 сөйлеушісі ғана қалған тілдерді қатер төнген тілдер деп атасақ, дәл қазір әлемнің 4000 тіліне тікелей қара бұлт үйіріліп тұр. Соның ішіндегі 51 тілде тек бір-бір адам ғана сөйлейді. Оның 28-і – Австралияда, 8-і – Америкада, 3-еуі – Оңтүстік Америкада, 3-еуі – Африкада, 6-уы – Азияда, 3-еуі Тынық мұхит аралдарында екен. Лингвист Майкл Краустың пікірінше, адамзат тілінің 90%-ы өледі. Әлемде 600 тіл қалады. Ал осы ғасырда тілдердің 50%-ы ғана қалмақ. 3000 тіл өмір сүруін жалғастырады. Оның айтуынша, 100 жылда 1200 ай болса, әр айда 2 тіл өледі екен. Краус: «Солтүстік Америкада 187 жергілікті тіл бар. Сол 187 тілдің бәріне қазір ағылшын тілі қауіп төндіруде. Яғни олар жойылғалы тұр» дейді. Жойылу қаупі төнген тілдерді Краус 5 санатқа бөледі: Біріншісі, қауіп төне бастаған тілдер. Олар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қажетсіз деп табылған, үлкен тілдердің қыспағына түскен тілдер. Басты белгісі – алдымен бұл тілдерде сөйлейтін жастар азая бастайды. Екіншісі, қауіп-қатер төнген тілдер. Бұл халықтың жас ұрпағы өз тілінде сөйлегісі келмесе, онда оған қатер төнді деп есептей беріңіз. Үшіншісі, қатер тым төнген тілдер. Бұл тілде жақсы сөйлейтіндер – жасы елуден асқандар. Төртіншісі, өле бастаған тілдер. Бұл тілде тек қартайған адамдар сөйлейді. Бесіншісі, жойылған тілдер. Бұл сол тілде сөйлейтін бірде-бір адам қалмаған тіл. Әлемдегі 5 мың тірі тілдің ай сайын 2-еуі өледі. Қазіргі қазақ тілінің жағдайын қайсы жағдайға жатқызуға болады?

Теги других блогов: өлім тілдер лінгвистика